Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептің сыртында орналасқан әжетханаларға қатысты мәселеге пікір білдірді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
«Осыдан үш жыл бұрын 3 мыңға жуық мектеп әжетханасы сыртта болған. Бүгінде біздегі мәлімет бойынша мектептің сыртында орналасқан 10 әжетхана қалды, яғни су құбыры тартылмаған, коммуникация жоқ шалғайдағы ауыл мектептері», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Одан кейін министр аталған проблеманы түбегейлі шешуді ойластырып жатқанын жеткізді.
«Мектеп сыртында орналасқан әжетханалар бар, оны жасырмаймын. Жерлікті атқарушы орган бұл дәретханалар сақтық үшін керек деп санайды. Себебі, іштегі әжетханалар бұзылып қалуы немесе жөндеуді қажет етуі мүмкін. Бірақ, біз бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен ақылдасып жатырмыз», – дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, биыл жаңа оқу жылында 1,7 млн оқушыға тегін тамақ беріледі.