Әнші Әли Оқапов желідегі даудан кейін барлық марапатынан бас тартты. Бұл туралы ол Instagram желісінде айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz ақпарат агенттігі.
«Осы видео арқылы мен 32 жылда алған барлық марапаттарымнан бас тартуды шештім. Мұны баяғыдан-ақ істегім келген»,—деді өнер иесі.
Әли Оқапов марапаттарды қайтару туралы заңды мұқият оқығанын атап өтті.
«Наградаларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бейнеленген. Сондықтан мен заңды зерттеп, қайтару туралы нормативтік құқықтық актілерді іздедім. Алайда ештеңе таппадым. Ондай норма жоқ. Меніңше, олай ешкім де істеген жоқ. Сондықтан наградаларға қатысты құзырлы органдардың шешімін күтемін. Қандай шешім шықса, солай істеймін. Барлығын да жасауға дайынмын»,—деп түсіндірді ол.
Осы орайда әнші марапат алатынын түнде ғана естігенін айтып ақталды.
“Мен ештеңені алдын-ала білмедім. Ұйымдастырушылар түнде ғана хабарласып, таңертең марапаттау рәсіміне келіңіз деді. Өзімді не күтіп тұрғанын да түсінбедім. Сондықтан ешкімнің алдында кешірім сұрағым келмейді. Сыйлықтан бас тарту – өзімнің шешімім. Ешкім мені мәжбүрлеген жоқ. Осы күні мені қолдаған барлық тыңдарманыма алғысым шексіз. Мен бақытты адаммын. Отбасым жанымда, сүйікті ісіммен айналыса беремін”, – деп алғыс білдірді әнші.
Әли Оқапова әріптестері қолдау білдіріп, видеосының астына жарыса пікір жазып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әнші, музыкант Әли Окаповтың «Құрмет» орденімен марапатталғанын жазған едік.