Шымкентте №34 мектептің 17 жасар оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. Қайғылы жағдайға байланысты құзырлы орган өкілдері тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы Информбюро 31 бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұм сол күні мектепке баруы керек еді. Бірақ ауырып тұрғанын айтып, үйде қалып қойған. Жасөспірімнің денесі кешкі уақытта өз үйінен табылды.
Бір айдан кейін қыз 18 жасқа толу керек еді. Жасөспірімнің суицидке баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Ата-анасының сөзінше, ол жантәсілім етер алдында ештеңе жазып қалдырмаған. Полицейлер “Өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Мектеп мұғалімдерінің айтуы бойынша, марқұмның сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсы болған. Оқу үлгерімі де қанағаттанарлық. Сонымен қатар олар жасөспірімнің қатарластары тарапынан буллинге ұшырауы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Белсенді қыз еді. Мектептегі мерекелік шараларға қатысатын. Сыныптастарымен қарым-қатынасы жақсы еді, мұғалімдерді де сыйлайтын. Жыл басында және үшінші тоқсанда мектеп оқушыларының психологиялық жағдайына талдау жасаймыз. Жыл басында марқұм жақсы нәтиже көрсеткен еді”, – дейді педагог-психолог Ардақ Айтпаева.