Жасанды интеллекттің дамуы бізді қуантпай қоймайды. Бұрын басымыз қататын мәселелерді қазір ақылды құрылғылар шешіп беретін деңгейге жеттік. Алайда бұл үрдістің тек пайдасы ғана бар ма? Ұлыбритания билігі осы жылдың екінші жартысына жоспарланған сайлаудың әділ өтуіне жасанды интеллект кері ықпал етеді деп қауіптенеді. Өйткені соңғы уақытта саясаткерлердің жалған видеолары мен аудио жазбалары желіде қаптап кеткен. Технологиялық компаниялар мен үкімет бірлесіп шара қолданбаса, фейктер түрлі шиеленістерге алып келуі мүмкін, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Ниеті қара мемлекеттердің атынан әрекет ететін қылмыскерлер жасанды интеллект көмегімен сайлау нәтижелерін бұрмалауы мүмкін, деп мәлімдеді Ішкі істер министрі.
Кремний алқабының басшыларымен кездесу кезінде Джеймс Клеверли саяси науқанның өтуіне жылдам дамыған технологиялардың кесірі тию ықтимал деді.
«Әрине, жасанды интеллектің артықшылықтарымен қатар, кемшіліктері де бар. Сондықтан ықтималды қауіп-қатердің алдын алу маңызды. Өнімділікті арттыру үшін технологиялық компаниялар Ұлыбритания үкіметімен ынтымақтықта жұмыс істейді деген үміттемін», — дейді Ұлыбритания Ішкі істер министрі Джеймс Клеверли.
Осы жылы Ұлыбритания, АҚШ және Үндістан сияқты көптеген елде сайлау өтіп, шамамен 2 млрд адам дауыс береді деген болжам бар.
«Рас-өтірігін ажырату қиын видео және аудио материалдардың мақсаты — елдегі демократиялық үдерістірге нұқсан келтіру», – дейді саясаткер.
Өткен жылы Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармердің әріптестеріне айқайлап, бейәдеп сөздер айтып жатқаны әлеуметтік желілерде тарады.
Кейін бұл — жасанды интеллект жасаған жалған аудиожазба екендігі мәлім болды. Лондон мэрі Садик Ханның да даусы қақтығыстарға ұласуы мүмкін дау-дамай туғыза жаздады.
Полиция аудиожазбаны зерттеп, «қылмыстық құқық бұзушылық емес» деген қорытындыға келді. Сарапшылар дипфейкпен күрес жүргізілмесе, демократияға қауіп төнеді деп есептейді.
«Дипфейкті анықтау механизмдері дамып жатыр. Мысалы, Интел компаниясы терінің астындағы қан айналымын зерттеу арқылы жалған видеоларды табатын технология ойлап тапты. Бірақ олар жетілдірілген сайын жасанды интеллект те тез дамып келеді және бұрынғыдан да сапалы контент ұсынуда. Әсіресе, аудиожазбаның рас-өтірігін әшкерелеу қиынға түсуде», — дейді Century Tech компаниясының бас директоры Прия Лакхани.
Жақында жаһандық технологиялық компаниялар жасанды интеллектен келетін қауіптің алдын алу үшін «ақылға қонымды қауіпсіздік шараларын» қолдану туралы ерікті келісімге қол қойды.
Олар өз өнімдерін зерттеуге рұқсат беруге және бұл саланы бірлесіп басқаруға келісті. «Жасанды интеллектің сайлауға ықпалы өзімізді де қатты алаңдатады» дейді осы саладағы ең танымал тұлға.
«Индустрия мен үкіметтер бірлесіп әрі жылдам әрекет ете алады деген үміттеміз. Біз қолданатын құрал жеткілікті. Бұл бағытта көп нәрсе істей аламыз және істеп жатырмыз да. Мәселен, ChatGPT бас тартатын тапсырмалар бар. Қадағалау саясатын ұстана отырып, жалған жаңалықтарды жасап жатқан адамды анықтай аламыз», — дейді OpenAI компаниясының бас директоры Сэмюэл Альтман.
Бірақ барлығының ойы бір жерден шығады: ешбір компания, үкімет немесе азаматтық қоғам ұйымы бұл технологияның ықтималды қаупімен жеке-дара және толыққанды күресе алмайды. Сондықтан адамдар сыни пайымдай білу қасиетінен ешқашан арылмауым керек.
«Жасанды интеллектен қорқуға еш себеп жоқ. Ойлай білу қасиетімізден ада болмасақ болды. Бірақ егер сіз фактілерді пікірлерден ажырата алмасаңыз және ChatGPT нұсқауларын шартсыз орындасаңыз, қауіпті аймаққа кіресіз», — дейді Франциядағы Экономикалық әріптестік және даму ұйымы департаментінің директоры Андреас Шлейхер.
Қауесет пен өсек-аяңнан бөлек желідегі ақпаратты да саралай алу керек.
Ғаламтордағы дүниелерді талдай білуге балаларды ғана үйретіп қоймай, ересектерді де тарту керек дейді, сарапшылар.