Шұрық-тесік жолдардың салдарынан жыл сайын жүздеген жүргізуші зардап шегіп жатыр. Бір аймақтарда бұл мәселе шешіліп жатса, басқа өңірлерде адамдар әлі де қиналуда. Осы орайда бұл жолдар неліктен дұрыс жасалынбайды және бұған кім жауапты деген сұрақ туындайды. Информ бюро бағдарламасына сілтеме жасап kaskelen.kz тілшісі жауап табуға тырысты.
Мәліметтерге сүйенсек, көлік шұрық-тесік жолға түсіп зақымданса, бірден тоқтау керек. Темір тұлпар ішінде зардап шеккендер болса жедел жәрдем қызметін шақыртқан жөн.
Бұдан кейін 15 метр жерге апат белгісін қойып, полицияға қоңырау шалу қажет. Содан соң куәгер тауып, аты-жөнін жазып алғаныңыз дұрыс болады. Оқиға орнында еш нәрсені қозғамай, барлығын фото-видеоға түсіріп алу да маңызды.
Заңгерлердің сөзінше, осыдан кейін бүлінген көліктің шығынын есептеу басталады. Осы орайда көлік түсіп кеткен шұңқырды, зақымданған әр бөлшекті белгілеп алу керек. Кейін барлық дәлелді алып, үкімет порталы арқылы тиісті орындарға арыздана аласыз. Мамандар полиция хаттама толтырып, жауапты органдарға тапсыруға міндетті дейді.
Заңгер Ермек Қойшинов арызданушының талаптары ескерілмесе, жауапты орган өтемақы төлейтінін айтты.
“ҚР “Жол қозғалысы туралы” заңнама нормаларына сәйкес еліміздің әр азаматы жолдарда қауіпсіз, қолайлы жағдай жасалуын талап ете алады. Еліміздегі барлық жол тегіс, түзу болуы керек. Ал осы талаптар ескерілмесе, жауапты органнан өтемақы талап етуге болады. Ол ашық тұрған құдықтар болса, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы, шұрық- тесік жолдар болса, автомобиль жолдары басқармасы, ал республикалық маңызы бар жолдар болса, көлік министрлігі жауап береді”, – деді заңгер.
Заңгерлер бұл істі сотқа дейін жеткізуге болатынына сенімді. Сот жәбірленуші тараптың шағымын қанағаттандырса, оның орындалуын, яғни өтемақыны төлеуіне қол жеткізу керек. Ал осы арқылы шұрық-тесік жолдарды жөндеуді міндеттеуге болатынын да айтты.
Еске сала кетейік, 12 наурызда Семейде қатты жел салдарынан көпірдің жақтауы жартылай опырылып түсті. Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің ұзындығы 15 метр болатын қоршауы құлап кеткен. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл бағытта жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жабылғанын мәлімдеді.