Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте “Отбасы банк” АҚ басқарушы директоры Жансұлтан Матай жаңа ипотекалық бағдарламаларға байланысты тұрғын үй бағасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Әдетте бізде мұндай бағдарламалар іске қосылғанда баспана бағасы күрт көтеріледі. Осыған байланысты аталған бағдарлама есебінен нарықтағы баға өсіп кетуі мүмкін бе деген журналист сауалына банк өкілі оған негіз жоқ екенін айтты.
Спикердің сөзінше, “Наурыз” бағдарламасы бойынша құрылыс компаниялары белгілеген тұрғын үй бағасын “Отбасы банкінің” мамандары тексереді.
“Өтініштерді қарау тәртібін түсіндірдік. Құрылыс компаниялары “Отау” және “Наурыз” бағдарламасы бойынша сатқысы келетін баспананың құнын бізге жібереді. Біздің мамандар олардың бағасының нарықтағы бағаға сәйкестігін тексереді. Ал егер олар ұсынған баға банк белгілеген бағадан жоғары болса, оларды қабылдай алмаймыз. Ал келіскен жағдайда порталға енгізіледі. Содан кейін құрылыс компаниясы жыл соңына дейін бағаны көтермеу туралы міндеттеме алады. Бұл – тұрғын үй нарығындағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу тетіктерінің бірі”, – деп түсіндірді ол.
Жансұлтан Матай Қазақстанда барлығы 360 мыңға жуық ипотекалық несие рәсімделгенін атап өтті.
Былтыр “Отбасы банк” небәрі 68 мың несие берген. Бұл жылдық қажет несиенің 18-20%-ына тең. Ал “Отау” бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін небәрі 8 мың несие беріледі деп болжанды, бұл бар болғаны 2%”, – деді ол.
“Отбасы банк” басқарушы директорының айтуы бойынша, мұндай пайыздық көрсеткішке қарап, жаңа ипотека бағдарламасы нарықтағы тұрғын үй бағасына айтарлықтай әсер етеді деуге негіз жоқ.