Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 1 қыркүйек – Алғашқы қоңырау рәсімінде ұстаздарға сый-сияпат жасау жөнінде пікірін айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
«Digital Kazakhstan: заманауи білім беру» республикалық тамыз саммитінде министрге «1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл мен кәмпит сыйлау дұрыс па?» деген сұрақ қойылды.
«Кәмпиттер туралы ойлану керек. Бірақ менің ойымша, оқушылардың мұғалімге гүл беруі – барлық уақытта сүйсінерлік іс. Негізінде бұл әрқашан жақсы дәстүр саналып келді, оқушылар шын жүректен педагогке алғыс білдіріп, оларға гүл сыйлайды. Мұны дұрыс деп санаймын», – деді Ғ.Бейсембаев елордада Тамыз конференциясында.
Дегенмен министр гүл беруді міндеттеудің де дұрыс емес екенін еске салды.
«Әркімнің өз көңілі, ниеті болуы керек. Бірақ гүл беруді міндеттеу деген мәселеден аулақ болған дұрыс», – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.