Жалпыға бірдей декларациямен Қазақстанның барлық ересегін, яғни 13 миллионға жуық адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл жоспар 2025 жылдан бастап жүзеге асырылады, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Алдымен декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсырады.
Сондай-ақ Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) ақпаратына сәйкес, бұл жүйе Қазақстанның барлық ересегін – шамамен 13 миллион азаматты қамтуы мүмкін.
Жалпыға бірдей декларацияны енгізу процесі төртінші кезең өтіп біткен уақытта толықтай аяқталады, бұл жүйеге алғашқы үш кезеңге қатыспаған еліміздің қалған азаматтары, яғни жеке құрылым қызметкерлері, үй шаруасындағы әйелдер, зейнеткерлер, студенттер және т.б. азаматтар кіреді.
Төртінші кезеңге барлығы 6,4 миллионнан астам адам қатысады. Бұл өткен кезеңдермен салыстырғанда, адам саны бойынша ең үлкен топ: жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңіне небәрі 580 мың адам қатысқан еді, ал екінші кезеңге 2,1 млн адам қатысқан.
Үшінші кезеңге шамамен 3,9 миллион адам қатысады. Сонымен қатар Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, 13 ақпандағы жағдай бойынша 121 мың азамат 250.00 формасы бойынша бастапқы декларацияны тапсырып үлгерген.
Ал жүйеге бұрыннан бері қатысып келе жатқан 294 мың декларант 270.00 формасы бойынша кірісі мен мүлкі туралы декларациясын тапсырған.
Қазақстандықтар аталған декларацияны биыл 15 қыркүйекке дейін тапсырып үлгеруге тиіс. Декларацияны онлайн форматта мынадай сервистер арқылы тапсыра аласыз:
- “Салық төлеушінің кабинеті” МКК порталы; “Электрондық үкімет” порталы;
- Moldir декларацияны тексеру және тапсыру қызметі;
- екінші деңгейлі банктердің бірінде қарастырылған мобильді қосымша;
- e-Salyq Azamat және eGov mobile қосымшалары.
Сондай-ақ қазақстандықтар декларацияны қағаз құжат түрінде пошта арқылы немесе жеке барып тапсыруға құқылы. Алайда комитет өкілдерінің сөзінше, жалпы декларацияға қатысушылардың 99 пайызы онлайн форматта тапсыруды жөн көрген.