Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева бүгінде елімізде отбасындағы ана мен баланың жәбір көру фактілері азайып жатқанын алға тартты. Дегенмен балалардың қылмыстық ортаға еліктеуі мен әйелдердің ұрып-соққан күйеулерін кешіру фактілері әлі де кездеседі. Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықты қатаңдатуға бағыттылған заңға қол қойған еді. Бұл жаңа заңмен елімізде ана мен бала қауіпсіздігі қаншалықты күшейтілді және қандай шаралар жасалып жатыр? Қазір бұл сұрақтардың жауабын білетін боламыз.
Ақмарал Серікбаеваның сөзінше мемлекетіміз үшін ана мен баланың мәселесі ең бірінші орынға қойылған.
“Тәуелсіздік алғалы бері еліміз ана мен баланы барлық заң бұзушылықтан, қылмыстық қол сұғушылықтан заңнамалық тұрғыда қорғап келе жатыр. Оның бір айғағы 1998 жылы президент жанында “Әйелдер ісі және отбасы демократиялық саясаты” деген комиссия құрылды. Бұл комиссия өз қызметін әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Ана мен бала қауіпсіздігі бірінші орында. Одан кейін барып отбасын қоғау, құндылықтарды дәріптеу жүргізіледі”, – деді маман.
Аға инспектор елімізде аналар қауіпсіздігі зорлық-зомбылықтан қорғау заңдарымен тікелей байланысты екенін алға тартты. Оның айтуынша әйелдерді қорғау бөлімшелері ТМД елдерінің арасында ең бірінші болып Қазақстанда ашылған екен.
“Бүгінде президенттің жарлығымен бұл бөлімшелердің саны көбейді. Себебі бұрын еліміз бойынша 256 штаб қана болды. Бұл барлық Қазақстан аумағына бөлгенде тек 1 бірліктен келетін. Яғни әйелдердің құқығын толық қорғауға жеткіліксіз еді. Сондықтан қазір оның саны 1000-ға толды. Өткен жылы 2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жаза қатаңдатылды. Соған сай ешқандай жәбірленушінің арызын күтпей құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша бірден іс қозғауға көштік”, – деп қосты маман.
Ақмарал Серікбаева қазір жауапкершілікке тартылушылар саны екі есе, қамауға алынғандар саны үш есе өскенін алға тартты. Сөзінше жазалау санкцияларының осы кезге дейін ең ұзағы 20 тәулік болса, қазір 25 тәулікке дейін ұзартылған.
“Бұрын құқық бұзушылар татуласса босатылып, кейін әрекетін бірнеше рет қайталай беретін. Өткен жылғы өзгертулерде татуласуға да шектеу қойылды. Бір-ақ рет, оның өзінде сотта татуласу мүмкіндігі қалдырылды.
Бұған дейін 60 пайыздан астам әйелдер өздері полицияны шақырып алып, кейін полиция іс қозғағанда арыздарын қайтып алып немесе арыз беруден бас тартатын. Сол себепті құқық бұзушылардың алдында полицияның қолы байлаулы болды. Осылайша жабулы қазан жабулы күйінде қалып жүрді. Ал қазір олардың 98 пайызын жауапкершілікке тартып жатырмыз. Қалған 2 пайызын азаматтық даулар деп атауға болады. Сонда ешкімнің арызын күтпей-ақ 100 пайыз жауапкершілікке тартылып жатыр деген сөз”, – деп қосты ол.
Балаларды қылмыстық ортадан және қауіпті желілерден қорғау
Сарапшының айтуынша, елімізде құқық бұзушылықтар саны азайып келеді. Алайда жауапқа тартылғандар саны екі есеге артты. Сонымен бірге, ол балалардың құқықтық қауіпсіздігін қорғау бағыты қалай жүріп жатқандығымен бөлісті.
“Бүгінде жасөспірімдер қылмысының алдын алып, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауатын арттыру үшін тұрақты негізде жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Оларға:
- “Жасөспірім”;
- “Түнгі қаладағы балалар”;
- “Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік”;
- “Жұмыспен қамту”;
- “Мен және менің полицейім” құқық қорғау бағытындағы акциялары жатады.
Аталған шараларды өткізу кезінде кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзудың алдын алу мақсат етілген. Олардың құқықтық сауатын арттырып, кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуына қарсы күрес те осы шеңберде жүргізіледі. Сондай-ақ балалардың алкоголь, ішімдік пен темекі өнімдерін заңсыз сату пайдалану фактілерінің де жолын кесеміз”, – деді Ақмарал Серікбаева.
Маман Қазақстандағы әрбір мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскелік полиция инспекторлары, кәмелетке толмағандар полициясы және жедел уәкілдер қатарынан жауапты қызметкерлер тағайындалғанын атап өтті.
“Олар құқық бұзушылық жасауға бейім балалармен профилактикалық жұмыс жүргізеді. Оқу орындарына апта сайын барып, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қандай жауапкершілік болатынын түсіндіреді. Құқықтық тақырыпта оқушыларға дәрістер, семинарлар, сабақтар өткізеді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында теледидарда, радиода және баспасөзде, интернет-ресурстарда 26 мыңнан астам түсіндіру шараларын жасады”, – деп қосты маман.
Елімізде Ішкі істер министрлігі сонымен қатар қазіргі кездегі ең көп кездесетін мәселелердің бірі-балалардың желі мен интернет арқылы қауіп-қатерге ұшырауы фактісі бойынша жұмыс жүргізуде. Мәліметтерге сәйкес, бүгінде заңсыз интернет-ресурстарды анықтау бойынша шаралар қабылдануда.
“Биыл заңсыз 24 мыңнан астам шетелдік интернет-ресурстар анықталды. Оның ішінде порнографиялық материалдарды тарату бойынша 3,7 мыңнан астам ресурстар ақпаратқа қолжетімділікті бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған”, – деп қосты Ақмарал Серікбаева.
Елімізде Қазақстан Республикасының Білім министрлігі, бала құқықтары жөніндегі уәкілдері, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен әкімдіктері бала құқықтарын қорғауға, патронаттық тәрбиені бақылауға алуға міндетті. Сонымен қатар, ол заңсыздықтың алдын алу бойынша алдын алу шараларын ұйымдастырады.
“Қазір азаматтардың құқықтық санасы артты. Ақпараттың желілерде түрлі жерлерде көбейгенінен соңғы жылдардағы резонансты оқиғаларға байланысты бұрын ұзақ жыл зорлық-зомбылыққа төзіп келген әйелдер, өздері болмаса да олардың туыстары мен таныстарының солар үшін көмек сұрау фактілері жиі кездеседі. Қазір құқықтық санасы артқан, біреудің басындағы қиындыққа бейжай қарамайтын азаматтардың көбейгенінен ауыр салдар да азайған.
Елімізде ана мен балаға полиция ғана емес, басқа да мүдделі көптеген мемлекеттік органдар көмектеседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Оқу ағарту министрліктері оларды қорғауға әрқашан дайын. Үкіметтік емес ұйымдардың ашқан дағдарыс орталықтары да белсенді жұмыс істейді”, – деп қосты ол.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы Істері комитетінің отбасы саясатын үйлестіру департаментінің бас сарапшысы Iңкәр Тұрсын бүгінде Республика аймақтарында отбасын қолдаудың 40 орталығы жұмыс істейтінін айтты.
“Бұл орталықтар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдап, қамту жұмысын атқарады. Мұнда кез келген адам келе алады. Олардың сұрақтарына қарай қолдау шаралары да әртүрлі болады”, – деді ол.
Орталықта:
- қиын жағдайға тап болған адамдардың қажеттілігі бағаланады;
- олардың қай мекемеден қолдау қажет екендігі анықталады;
- психологиялық заңгерлік кеңес;
- отбасын құру, құндылықтарды нығайту мақсатында түсіндіру-ағарту жұмыстары жүргізілуде;
Ажырасу процедурасы бойынша кеңестер беріледі; Адамдар орталыққа ерікті түрде бара алады немесе 111 нөміріне қоңырау шала алады. Ол сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы байланыса алады. Мұндай орталықтар қиын жағдайға тап болған ана мен балаға пана болып, олардың мәселесін шешуге көмектеседі.