Қазақстанның бұрынғы президенттерінің денсаулығы мен жеке өмірі туралы ақпарат мемлекеттік құпияға жатады және оны таратуға тыйым салынады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Атап айтқанда, бүгін сенаттың жалпы отырысында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, әлеуметтік даму, мәдениет және мұрағат ісі салаларында шамадан тыс заңнамалық реттеудің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң қаралып, екі оқылымда мақұлданды.
Осы бекітілген заң шеңберінде “мемлекеттік құпиялар туралы” Қазақстан Республикасының заңына тиісті толықтыру қаралды. Бұл туралы сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің қорытынды деректерінде айтылған.
– «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңына барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-іздестірушілік және өзге де қызметті мемлекеттік құпияларға жатқызудан басқа, Қазақстан Президентінің және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұйымдастырылуы, күштері, құралдары мен әдістері туралы мәліметтер, ҚР Президентінің денсаулық жағдайы мен жеке өмірі туралы мәліметтер, Қазақстанның экс-Президенттерінің және олардың отбасы мүшелері туралы ұқсас мәліметтерді енгізу бойынша толықтыру енгізіледі, – делінген Сенат комитетінің ақпаратында.