Кейінгі бес жылдықта Қазақстанда билік құрылымының дамуы ерекше байқалады. Елдің саяси бағдарының өзгерісіне саяси институттардың жаңғыруы әсер етті десек, қателеспейміз. Екінші тұстан қарағанда реформалар қоғам сұранысына сай іске асып жатқаны көрінеді.
Қоғам сұранысынан туған реформалар кезеңі
Бір ғана 2023 жылдың өзінде еліміз үшін саяси тың бастама көп болды. Бірінші жартыжылдықта Конституциялық Сот құрылып, Парламент Сенатының сайлауы өтті, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі біршама күшейтілді. Қоғамда заң мен тәртіпті сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою, вандализм мен жүгенсіздікке қарсы күресу секілді мәселелер төңірегінде қызу пікірталастар өрбігені көпке мәлім. Мұның бәрі жеке және қоғамдық мәдениеттің жаңа нормаларын қалыптастыруға халықтың сұранысы арта түскенін аңғартады.
Үлкен мемлекеттегі жаңғыру процестері бір сәтте жүзеге аспайды, кезең-кезеңімен, біртіндеп іске асатын үрдіс. Егер елдегі саяси реформаларды бақылап отырсақ, 2019 жылдан басталған өзгерістердің түпкі мәні демократия институттарын дамытуды көздегенін түсінеміз. Оның ішіне саяси жүйені жаңғыртудан бастап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру негіздері бар.
Саяси реформалар туралы сөз қозғағанда Конституцияны өзгертуге бағытталған жалпыұлттық референдум туралы айтпай кете алмаймыз. 2022 жылы енгізілген Конституциялық өзгерістердің басты жаңалығы – Президенттің өкілеттігін бір ғана жеті жылдық мерзіммен шектеу. Бұл қоғам талап ететін «әділдік» феноменінің орындалғанын көрсетті.
Референдум аясында Парламенттің рөлін күшейту және құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту қамтылды. Осы арқылы мемлекет саяси жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға, халықтың билікке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік алды. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, демократиялық институттардың нығаюына ықпал ету іске асты.
Саяси реформалардың тағы бір тармағы саяси партияларды тіркеуді жеңілдету болды. Мәселен, қазір партиялар тіркеуден өту үшін бұрынғыдай 20 мың емес, 5 мың мүшесі болса жеткілікті. Соның арқасында саяси аренада жаңа партиялардың тынысы ашыла бастады. Сайлау үдерісіне мейлінше қоғам өкілдерін тарту мақсатында депутаттық мандаттың 30 пайызы әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заңмен бекітілді.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар арқылы ел азаматтары ой-пікірін ашық айтып, қоғамда белсенді болуға мүмкіндік алғанын жеткізген еді.
– Қазір еліміз дамудың жаңа сатысына қадам басты. Біз кейінгі 5 жылдың ішінде ауқымды саяси реформаларды жүзеге асырдық. Қазақстанның саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Парламенттің ықпалы, Үкіметтің жауапкершілігі айтарлықтай артты. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныға түсті. Саяси партиялардың қоғамдық рөлі күшейді. Азаматтарымыз өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамда белсенді болуына мүмкіндік беретін нақты тетіктер пайда болды. Сайлау жүйесін жетілдірдік. Ауыл, аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Бір сөзбен, саяси және қоғамдық мәдениет үлкен өзгеріске ұшырады.
Ең маңызды бастаманың бірі – Президент жеті жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Осы шешімнің саяси мән-мағынасы ерекше, бұл – мемлекет басқару ісінде жаңа стандарт қалыптастыратын маңызды қадам. Реформалар, өзгерістер әлі де жалғаса береді. Ең бастысы, бұл өзгерістер – халықтың таңдауы, – деген еді Президент.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі айтарлықтай өзгеріске бет алғаны мәлім. 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдері тікелей сайлау арқылы іріктеле басталды. Аталған қадам жергілікті мәселелерді тиімді шешуге және азаматтардың өз өңірлеріндегі басқару үдерісіне белсенді араласуына мүмкіндік берді.
Конституциялық соттың маңызы басым
Елдегі саяси реформалар адам құқықтарын қорғауға, демократия өрісін кеңейтуге бағытталғанын сөз еттік. Адам құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіретіп, азаматтық қоғамды дамыту мақсатында Конституциялық сот қайта құрылды. Прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебе алды. Өз кезегінде бұның бәрі халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық жүйе қалыптасқанын аңғартады.
Әсіресе, елдің саяси жүйесінде Конституциялық соттың ерекше маңызға ие екенін ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы айтып берді.
– 2023 жылдан бастап Конституциялық сот жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бұл институт 1993-1995 жылдар аралығында болған. Қазір ол еліміздің құқықтық жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды. Құрылған күннен бастап жарты жыл ішінде 18 істі қараған бұл органның маңыздылығына Президент баса назар аударды. 4 мыңнан астам өтініштің жалпы санының аясында Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Реформалардың маңызды аспектісі азаматтардың белсенді қатысуы болды. Конституциялық сотқа түскен 4 мыңнан астам өтініш халықтың сот төрелігіне және заңдылықты құрметтеуге деген терең сұранысын көрсетеді.
Конституциялық соттың құрылуы конституциялық принциптердің сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді. Аталған сот шешімдерінің түпкілікті күші бар, бұл оның сот төрелігі жүйесіндегі тәуелсіз және беделді орган ретіндегі рөлін көрсетеді, – дейді маман.
Қазақстанда Конституциялық соттың қайта жаңғыруы заңдылықты нығайтудың және азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік берудің маңызды тетігі саналады. Қорыта айтқанда, саяси реформалар азаматтардың еркіндігін қамтамасыз етіп, қоғамдағы мүмкіндіктерін арттыра алды.