Әлеуметтік желіде Алматы облысында мектеп қызметшілерінің өздерін жөндеу жұмыстарын істеуге мәжүрлегені туралы бейнежазба тарады. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды kaskelen.kz ақпарат агенттігі.
Аталмыш жағдай Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қайназар ауылында болған. Жұмысшылардың айтуынша, олардың тікелей міндеті мектептің тазалығына жауап беру. Ал мектептің жөндеу жұмыстары олардың міндетіне кірмейді. Мектеп қызметкерлері болған жағдайға қатысты БАҚ-тан араша сұрады.
“Заң бойынша біз бұл іспен айналысуымыз керек пе? Бұл үшін жалақымызға ақша қосылмайды. Біз мұндай келісімшартқа қол қойған жоқпыз. Біз тазалықты қадағалауымыз керек пе, әлде жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек пе”, – дейді видеодағы әйел.
Бейнежазба көпшіліктің наразылығын тудырды. Желі қолданушыларының айтуынша, мұндай жағдай еліміздің көптеген аймақтарында болып жатқан көрінеді.
“Барлық мектепте де солай. Тіпті мұғалімдер демалысқа шығарда жұмысшыларға кабинетін ақтап, бояп, қараңғылауды тапсырады“, Мектеп қызметкерлерінің жалақысын кем дегенде 200 мыңға дейін көтерсін”, “10 жыл бұрын осындай еді, әлі өзгермепті ғой”, – деп жазды желідегілер.
Алматы облысының білім басқармасы мектеп жұмысшыларының наразылығына қатысты Stan.kz сұрауына жауап берді.
“Алматы облысының білім басқармасы, Жамбыл ауданы, Қайназар ауылының №1 орта мектебінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары туралы ақпаратқа техникалық қызметкерлер ағымдағы тазалау, оның ішінде ағарту және жуу жұмыстары оқу жылы басталар алдында олардың функционалдық міндеттеріне сәйкес жүргізілгенін хабарлайды. Мектеп басшылығы тарапынан еңбек бұзушылықтар жоқ. Жалақы ҚР 31.12.2015 №1196 Заңына сәйкес төленеді. Бұл мектепте тазалау екі аптаға созылады”, – делінген хабарламада.