Бұрынғыдан ертерек күннің батуы электр жарығын ертерек қосуға мәжбүр етеді. Кәсіпкерлер шығындарының артқанын айтып дабыл қағуда. Бұл дәлел бір қарағанда қисынды. Бірақ Энергетика министрлігінің мәліметтері де басқаша, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Кәсіпкерлер не дейді?
2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызына қараған түні 3 Республикалық қала мен 12 облыстың аумағында жергілікті уақыт 1 сағатқа шегеріліп, елдің бүкіл аумағы 5-ші уақыт белдеуіне ауыстырылды.
Республикалық бөлшек сауда және Қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының өкілі Ольга Юрковскаяның айтуынша, уақыттың бір сағатқа кешіктірілуіне байланысты ерте қараңғы түсіп, адамдар жұмыстан кейін үйлеріне қарай жүгіретін болған. Содан кейін тамақтану және демалу орындарына бару саны азайды.
— Уақыт тілін жылжыту шағын және орта бизнеске зардабын тигізді. Бірінші кезекте кафе, ресторан, сән салоны, фитнес орталықтары жапа шекті. Қараңғы неғұрлым ерте түскен сайын кәсіпкерлік нысандары соғұрлым ертерек жарықты қосуға мәжбүр болады. Соның кесірінен бизнес шығыны артып отыр. Көптеген ШОБ нысаны қызметін жалға алған ғимараттарда, кеңселерде жүргізетіні мәлім. Жалдау ақысы деген — кейінге шегеруге не кешіктіруге болмайтын төлем. Сондықтан көптеген кәсіп иесі шағын бизнесін жабуға мәжбүр. Ал ол дегеніңіз — қарапайым азаматтарға еліміздегі ең көп жұмыс орнын ұсынатын сала, — дейді Ольга Юрковская.
Сонымен қатар Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев сағат тілінің өзгеруі құрылыс саласына қалай әсер еткенін айтты.
— Құрылыс-монтаж жұмысын тексеру сапасы нашарлап кетті. Сағат 16:00 кезінде қараңғы түсіп кетеді де, істелген жұмыс сапасына бақылау жасау қиындап отыр. Тауарды қабылдау кезінде де кедергілер бар. Кешкі 6-7-лер кезінде келген тауарды, құрылыс материалын қабылдау жұмысында қиындықтар туындап жатыр. Электр жарығы үнемі күннің жарығындай тиімді бола бермейді. Еліміздің орталық және шығыс өңірлерінде электр энергиясының шығыны артты, яғни бизнеске қосымша ауыртпалық түсті, — дейді ол.
Ал статистика былай сөйлейді
Елімізде электр энергиясын пайдалану жыл сайын халық санының өсуіне, ғимараттар, тұрғын үйлер, зауыттар сияқты нысандардың өсуіне, яғни экономиканың өсуіне байланысты артып келе жатқаны белгілі. Дегенмен, Энергетика министрлігіне 2024 жылдың наурыз-қараша айлары мен 2023 жылдың сәйкес 9 айындағы елдегі электр энергиясын тұтыну көрсеткіштерін салыстыру туралы ресми өтініш жіберілген. Осы айдағы көрсеткіш салыстыруға енгізілмеген, себебі сұраныс жіберілген кезде желтоқсан айы аяқталмаған. Бөлім берген жауапта келесі мәліметтер көрсетілген:
Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің тұтыну көлемі (наурыз-қараша):
2023 ж.
Наурыз — 10 154 млн. кВтсағ
Сәуір — 9 262 млн. кВтсағ
Мамыр — 8 905 млн. кВтсағ
Маусым — 8 688 млн. кВтсағ
Шілде — 9 171 млн. кВтсағ
Тамыз — 9 019 млн. кВтсағ
Қыркүйек — 8 515 млн. кВтсағ
Қазан — 9 539 млн. кВтсағ
Қараша — 10 005 млн. кВтсағ.
2024 ж.
Наурыз — 10 764 млн. кВтсағ
Сәуір — 9 330 млн. кВтсағ
Мамыр — 9 235 кВтсағ
Маусым — 9 033 млн. кВтсағ
Шілде — 9 485 млн. кВтсағ
Тамыз — 9 325 млн. кВтсағ
Қыркүйек — 8 922 млн. кВтсағ
Қазан — 10 016 млн. кВтсағ
Қараша — 10 601 млн. кВтсағ.
Байқағанымыздай, 2024 жылғы мысалға алған әр айды алдыңғы жылдың сәйкес айымен салыстырсақ электр қуатын тұтынуда өсім бар.
Электр энергиясын тұтыну неден өсті?
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл өсім уақыт белдеуінің ауысуынан емес, керісінше экономиканың табиғи өсіміне көбірек байланысты.
— Бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мақсатында уақытты 1 сағат артқа ауыстыру елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесі жұмысының тұрақтылығына әсер еткен жоқ. Қазақстанның энергетикалық жүйесі электр энергиясын өндіру мен тұтынудың тәуліктік кестесі негізінде жұмыс істейді. Тәуліктік өндіріс және тұтыну кестесі қажеттілікке байланысты сағат сайын қалыптасады, — делінген ведомство түсіндірмесінде.
Министрлік күнделікті кестеде электр энергиясын тұтынудың ең жоғары сағаттары барына тоқталады.
— Ол — азаматтардың өмірлік циклімен байланысты таңертеңгі және кешкі сағаттар. Таңертеңгі ояну және адамдардың жұмыстан оралуы кезінде тіршілік процестерінің жандануына байланысты тұтыну күрт артады. Ең жоғары жүктемелер сол деңгейде қалды. Жалғыз өзгеріс — кешкі тұтыну қарқынының артуы әдеттегіден ертерек басталатын болды, — дейді мамандар.
Энергетика министрлігі электр энергиясын тұтыну көрсеткіші жыл сайынғы өсу үрдісіне сай екенін айтады.
— Жалпы ел экономикасының өсу қарқыны және халық санының артуы аясында электр энергиясын тұтынудың және ең жоғары жүктемелердің жыл сайынғы өсу үрдісі байқалады, — делінген ведомство жауабында.
Үкімет «шешім нақты» дейді
Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде уақыт белдеуін ауыстыру туралы шешім ғылыми зерттеулерге сүйене отырып жасалғанын, оның табиғаттың барлық заңдылықтарына сай екенін айтқан еді.
— Шешім Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де жүргізілген өте терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды. 2017 жылы америкалық ғалымдар тобы адамның циркадтық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Бұл зерттеуде ғалымдар табиғи уақытта өмір сүрген кезде адам үшін ең жақсы және пайдалы екенін дәлелдеді. Сондықтан қазір әлемнің прогрессивті елдері табиғи уақыт белдеуіне көшуге ұмтылып жатыр. Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі — біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды, — деген еді Үкімет басшысы.
Енді уақытты күн цикліне сәйкес келтіріп отырмыз.
— Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Осындай шешім қабылданды. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын әрі қарай шешетін боламыз, — деді Олжас Бектенов.
Мәселе әлі зерттеледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтар күні «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты пікірін білдірді.
«Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?» — деген сұрақ қойылды.
Президент сауалға былай деп жауап берген еді:
— Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.