“Не молчи” қорының басшысы Дина Смайылованың үстінен бірден алты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Дина Таңсәрі атымен белгілі белсендіге қатысты Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының полиция департаменттері алты қылмыстық іс қозғаған.
Оның ішінде көпшілікке жалған ақпарат тарату, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу, сонымен қатар алаяқтық бойынша айып тағылды.
“Сотқа дейінгі тергеу барысында Смайылова өзін қоғам қайраткері, құқық қорғаушы және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресуші ретінде көрсететіні анықталды. Алайда Смайылованың көптеген жарияланымдары шындыққа жанаспайды, өйткені олар тергеулермен расталмаған және оның жалған хабарламалары жеке азаматтардың құқығын бұзып, шағымдарын тудырған. Тергеу мен жүргізілген сот сараптамалары көрсеткендей, “Немолчи” қорының басшысы тек өзінің субъективті пікіріне сүйене отырып, айыптау басылымдарын жазды”, – деді ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Айысов.
Оның сөзінше, 2021 жылдан бастап белсенді жалған ақпарат таратумен қатар, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін ақшалай қаражат жинады.
“Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті тергеп жатқан алаяқтық бойынша қылмыстық іс аясында Смайылова сәуір айында Өскеменде кәмелетке толмаған қыздың өз-өзіне қол салғаны туралы жалған мәлімет жариялағаны анықталды. Десе де ол полицияға сенбей, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің болғандығын және қыздың ауруханада жатқандығын мәлімдеген. Алайда бұл жарияланымдардың барлығы жалған болып шықты, өйткені іс жүзінде суицид болған жоқ.
Айысов қыздың зардап шеккеніне қатысты бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілгенін айтады. Осыған қарамастан Смайылова жәбірленушінің адвокаты үшін ақша жинап, халықтан 20 миллионнан астам ақша алған, оның аз ғана бөлігі іс-сапар шығындарына төленді. Алайда сотта адвокатт қызметін жәбірленушінің өзі төлегені белгілі болды. Бұл сотталушылардың қорғаушыларының наразылығын тудырды, олар сот ісіне наразылық білдіріп, арыз берді”, – деді тергеу департаменті басшысының орынбасары
Алаяқтық бойынша тағы бір қылмыстық істі Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбанына көмек көрсету үшін ақша жинау фактісі бойынша қозғаған.
ІІМ мәліметі бойынша, ол жұртшылықты адастырып, бір отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жалған хабарлама жариялап, оқырмандарына жұбайының картасына ақша аударуды сұрады.
“Тергеу зорлық-зомбылық фактісін растамады. Банктік мәліметтерге сәйкес, сол уақыт ішінде Смайылова тағы да бірнеше миллион теңге жинап алды. Әйелдердің құқығын қорғаушы қордың қаржылық қызметі реттелетін “коммерциялық емес ұйымдар туралы” заңның талаптарын бұза отырып, аударымнан түскен ақшаны жұбайының картасына аудартқаны, сонымен қатар шетелде жүріп, оны өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды”, – деді Айысов.