Журналист, қоғам белсендісі Гүлмира Әбіқай жеке парақшасында жазба жариялап, әнші Ерлан Көкеевті Түркия тұрғыны іздестіріп жатқанын айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Журналистің айтуы бойынша, әнші Түркияның Аланья қаласына отбасымен демалуға барған.
“Бұл жайлы маған Лера (видеодағы) жазда Анталияға барғанымда айтқан еді. Содан бері Ерланға (Көкеев) 2-3 рет хабарластым. Көмекшісі алды, жол-көлік оқиғасы жайлы білмейтінін айтты. Ерланға бәрін жеткіздім деді, Көкеев ләм-мим. Оқиға былай, Лера 26 жылдан бері Түркияда тұрады. Жылжымайтын мүлік сатып, жалға көлік берумен айналысады. Теңіз жағалауындағы шаһарға Қазақстандық әншілер легі аттанғанда жарнамалық ұсыныспен Көкеевпен танысады. “Қасында жұбайы, жанында 5-6 баласы бар екен, үлгілі әке ретінде көрдім” дейді Лера. Былтыр әнші Лерадан жалға көлік алады. Отбасы, бала-шағасымен бір шараға барып, мас күйінде мото жүргізушіні қағып кетеді. Есі шыққан Ерлан Лерадан көмек сұрайды, ол таныстарын әкеп, сақтандыру төлеп, Ерекеңді кепілге шығарып алады”, – деп жазды журналист.
Әншіден жапа шеккен Түркия азаматының денсаулығы оңалмаған көрінеді.
“Әншінің қаққан жігіті ауруханаға жеткізіледі. Бәрібір денсаулығы оңалмай, қазір мүгедек болып қалғанын айтты Лера. Түркия заңы бойынша, жол-көлік оқиғасының барлық шығынын рульдегі жүргізуші емес, көлік рәсімделген иесі көтереді. “Көлік пен медициналық сақтандыру, кепіл ақысы мен сот отырысының шығыны 34мың € болды. Оны өтегенше Ерлан мен әйелі жанымнан шықпай, өлердегі сөздерін айтып, арашалауын өтінді. Алғашқы шығындарды өтеген соң Көкеев көлеңкесін көрсетпей кетті” деп назын білдірді Лера. Алғашында телефон тұтқасын көтермей, кейін Лераның нөмірін мүлдем бұғаттап, өзі Қазақстанға тайып тұрған. Қазір бүкіл Аланья АБК-ң экс әншісін шарқ ұрып іздеп жүр”, – дейді қоғам белсендісі.